04 Ақп 2021
Жаңалықтар

Мерейлі мектеп

Халқымызда «Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы»,- деген даналық сөз бар. Кез-келген елдің ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында екені сөзсіз. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда.

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен - күнге айқындалып келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте     оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден - бір дара жолы - білім жүйесі. Орта мектеп - білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі жас ұрпақтың болашағына жол ашады.

Жарты ғасырлық тарихы бар қара шаңырақ Ақтау ауылындағы білім ордасынан талай түлек түлеп ұшып, жаңа өмірге қадам басты. Осы жылдардың ішінде мектебіміздің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан жемісті жұмыстар аз емес. Оқушыларымыз осы жылдар ішінде облыстық республикалық жарыстарда, пән олимпиадаларында топ жарып, жүлделі оралды. 1980 жылдары орыс тілі пәнінен пән олимпиадасының облыстық кезеңінде Урналиев Талғат мұғалімдері Галиева Клара Касымовна, Мустафина Ажар Шамшиевнаның жетекшілігімен Мектебімізде көптеген жылдар дене шынықтыру пәні мұғалімі Мұхаммеджанов Жеңісмұрат, математика пәнінен ұстаздық еткен Досымғали Қабдешұлының жетекшілігімен күрес залы, бокс секциясы ұйымдастырылған. Ауылымыздың айбынын асқақтатқан Суюнчалиев Нұрлан, Суюнчалиев Ғалымжан, Шиналиев Малик, Бакишев Азамат, Ержанов Юмаш сияқты т.б. балуандар республикалық, облыстық, аудандық сайыстарда ауылымыздың намысын қорғады. Кисанова Айжанар экологиялық бизнес жобалар байқауында 2008 жылы республикалық кезеңіне қатысып жүлделі І орынды иеленіп, байқау грантына ие болды. Жетекшісі биология пәні мұғалімі Шукурова Алма Ақболатқызымен бірге Ақбұлақ суына зерттеу жүргізіп, жобасының тақырыбы етіп алған болатын. 2003 жылы мектеп жанынан мұражай ашылып, жыл сайын ауыл тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен осы күнге дейін толығуда. Мектеп мұражайы жанынан үйірме ашылып, сол үйірмеде тарихқа ден қойған мектеп оқушылары мұражай жетекшісі Беркалиев Ерсайын Ибатоллаұлымен жұмыстануда.

2015-2016 оқу жылының басында ұйымдастырылған мектебіміздің 50 жылдық мерейтойы болды. «Елу жылда –ел жаңа» демекші  50 жылда іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған  мектебіміздің мерейтойын ұжымымыз жоғары деңгейде және  ұйымшылдықпен атқарды. 

Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші мерейтойға дайындық оқу жылының басынан басталды.  Алдымен мектеп мұражайын жаңадан ақпараттандыру жұмысын жүргізу қолға алынды. Жаңа тарихи мәліметтер жинақталып, мұражайдағы суреттер көрмелері жаңартылды. Осы тұста ауылымыздың үлкен қариялары, ардагер ұстаздары көп септігін тигізді. Мерейтойымызға қасиетті қарашаңырақта бір кездері білім берген ардагер ұстаздар, ұжымымызға басшылық еткен мектеп директорлары және мектебімізден түлеп ұшқан шәкірттері шақырылған болатын. Жаңа мектептің ірге тасын қалауға  елеулі үлес қосқан Елтай Кахұлы бастаған мектеп басшылары, ардагер ұстаздар, аудандық білім бөлімінің басшысы Нарымбаев Асан Маратұлы, облыс әкімі аппаратының бас маманы, мектеп түлегі Серік Нұрсұлтан Қаримоллаұлы, ауыл әкімі Насимуллин Орынбек Жамбылұлы мерейтойдың қадірменді қонақтары болды.

Мереке мектеп дәлізіндегі салтанатты жиынмен басталды.  Жиын барысында мектеп директоры Ахметов Хафиз Маратұлы  құттықтау сөз сөйлеп,одан әрі  еліміздің болашағы – «Жас Ұлан» қатарына 5 – сынып оқушыларын қабылдау рәсімімен жалғасты. Ардагер ұстаздарымыз Бақытжан Есенұлы, Ажар Шәмшіқызы, Райса Сейтқалиқызы жас өрендерімізге тілектерін айтып, галстуктерін тақты. Салтанатты жиыннан соң ауылдық мәдениет үйінде қазіргі таңда аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарып жүрген мектеп түлектері Алма Аюпова, Зәмзәгүл Шукурова, Жаңылсын Шукирова, Айбек Каховтар  бастап келген Тасқала аудандық мәдениет үйінің танымал  өнерпаздарының мерейтойымызға тойшашуы - үлкен концерттік бағдарламада жалғасын тапты. Мерекелік концертке ауыл тұрғындары да куә болып, ризашылықтарын білдірді. Мектепке жиналған қонақтардың да қуаныштарында шек болған жоқ.

Мерейтойға жиналған қонақтар мектепке қажетті құрал – жабдықтарды, ескерткіш сыйлықтарды сыйлап ұжымымызды бір марқайтып тастады. Мерейтой арнайы даярланған мектеп асханасындағы мерекелік дастарханда жалғасты. Отырыс барысында  ардагер ұстаздарымыз мектебімізде жалынды еңбек еткен  жылдарын  тебірене еске алып, өздерінің ізін басып, еңбек етіп жатқан ұстаздарға өнегелі әңгімелер айтса, мектебіміздің жас мамандары өз өнерлерімен кеш көркін аша түсті. Бұл да бір мектеп тарихынан ойып орын алатын елеулі оқиға болып есте қалары сөзсіз.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  Т.М.Атабаев

Пайдалы ақпараттық ресурстар