Мектеп жасындағы жасөспірім қыз балалар жүктілігінің алдын-алуға бағытталған жоспарға сәйкес «Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?» тақырыбында 9-11 сынып қыз балаларына ДТІЖО Д.Г.Кенжебаеваның жетекшілігімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мақсаты: жасөспірім қыз балалар денсаулығын алдын-алу, ерте жыныстық қатынасқа түсуден,ерте жүктіліктен сақтау,олардың зияндары мен зардаптары жайында түсіндіру. Дөңгелек үстел барысында қыздар арасында жақсы ахуал қалыптастыру мақсатында мектеп психологы Ж.Н.Ситолина «Мен гүлмін» тақырыбында тренинг пен сауалнама ұйымдастырды. Тренинг барысында қыздарымыз «Мен гүлмін» гүл пішінді парақшаға өз бойларындағы жақсы қасиеттерді жазып,өздеріне баға берді.
ДТІЖО Д.Г.Кенжебаева «Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?» тақырыбын жасөспірім қыз балалармен талқыға салды. Аталған тақырыпты кеңінен ашу үшін төмендегідей сұрақтарды қоя отырып, қыздармен пікір алмасты.
1.Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз?
2.Көше кезген көріктісымақ қызды ма, «қызға қырық үйден тыйым салмаған» ата-анасын ба, әлде ойнап-күлген ортасын ба?
Мектеп тәлімгері Г.Е.Жанғали Орал өңірі газетінің 2021 жылдың желтоқсан айында шыққан «Қымбат-ау қыздың ар-мұңы» тақырыбында жазылған мақаласын талқылауға ұсынды. Шара барысында мектеп медбикесі К.Е.Жаукенова қыз балаларға аталған тақырып бойынша маңызды ақпараттарды негізге ала отырып, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Дөңгелек үстел соңында жасөспірім қыздарға «Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын-алуы» тақырыптарында әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Түйін:
Қыз – сұлулық пен ақылдың белгісі. Ұлтқа келер ұят пен ардың өлшемі. Қыз қылығы – талайды тамсандырып, талайдың жүрегін жаулаған. Қаншама ақынның шабытын оятып, жырына арқау болған. Қыз – қазақтың мақтанышы. Әрбір азамат бір қыз көрсе, оған туған қарындасы мен әпкесіндей, бір ананы көрсе туған анасы мен әжесіндей қараса – қазақ қызы кім көрінгеннің аяғына тапталып, кім көрінгеннің жетегінде кетпейді. Халқымыз: «Бағалай білгенге – бақ қонар», – дейді. Қыз – біздің барымыз да нарымыз, қырмызы қызыл гүліміз. Гүлімізді тамырынан ерте солдырмай, бағалай да аялай білейік.
http://aktay.taskala-bilim.edugov.kz/kz/tarbie-zh-mysy/13146-erte-zh-ktilikti-erte-i-andaj-d-gelek-stel-sharasy.html#sigFreeId4237ef9009